Моңғолия жанармай тапшылығына тап болып, жаңа жеткізушілерді шұғыл іздеуге кірісті. Елдегі тапшылықты жабуға көмектесуі мүмкін мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Жаз мезгілінде Моңғолияда бензин мен дизель отынына сұраныс екі-үш есеге өскен. Сонымен қатар ел қатты тәуелді болып отырған Ресей нарығынан жеткізілімдерде қиындықтар туындаған.
Бағаның күрт қымбаттауына жол бермеу үшін Моңғолия билігі импорттық жанармайға салынатын кедендік және акциздік баждарды уақытша алып тастады. Бұдан бөлек, елдің Орталық банкі кәсіпорындарға 360 млрд тугриктен астам, шамамен 100 млн доллар көлемінде жеңілдетілген несие бөлді. Бұл қаражаттың бір бөлігі жаңа жанармай сақтау қоймаларын салуға бағытталады.
Әсіресе авиациялық отын тапшылығы қатты сезілуде. Осыған байланысты Моңғолия алғаш рет Қытайдан мың тонна авиациялық керосин сатып алған. Ал Оңтүстік Кореямен ай сайын кемінде 50 мың тонна жанармай жеткізу жөнінде келісім жасалған.
Қазір Улан-Батор Қазақстан және Беларусь елдерімен де жеткізілім мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
Қазақстан мен Моңғолия арасында қазақстандық мұнай өнімдерін жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін негіздемелік келісім бар.
Сонымен бірге Моңғолия Ресей жанармайынан толықтай бас тартуды жоспарлап отырған жоқ. Ел билігі болашақта осындай қиындықтарға тап болмас үшін жеткізушілер санын көбейтуді көздейді.
Жағдайды Моңғолия премьер-министрі Ням-Осорын Учрал жеке бақылауына алған. Ол мұнай саласындағы ахуалды ай сайын қадағалап отыруға ниетті.
Моңғолия мәселені түбегейлі шешуді өз мұнай өңдеу зауытының іске қосылуымен байланыстырып отыр. Бұл ел тарихындағы алғашқы мұнай өңдеу зауыты болмақ. Алайда жобаның іске қосылу мерзімі кейінге шегеріліп, 2028 жылға жоспарланған.
Осы уақытқа дейін Моңғолия жанармайдың едәуір бөлігін шетелден импорттауға мәжбүр болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл Қазақстан үшін Моңғолия нарығына мұнай өнімдерін экспорттау көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.


