Сәтбаев университетінде Жапонияның атом энергиясы жөніндегі агенттігінің (JAEA) делегациясымен жұмыс кездесуі өтті. Басқосу атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықаралық деңгейдегі білікті мамандар даярлау бағытындағы серіктестікті кеңейтуге арналды, деп хабарлайды QazNews.kz
Кездесуге JAEA атынан Ядролық қаруды таратпау және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы кешенді қолдау басқармасының (ISCN) Кадрлық әлеуетті дамытуға қолдау көрсету орталығының басшысы Watanabe Yoko және ISCN жетекші инженері Uchikawa Sadayuki қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық физика институты, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымы – «Жоғары технологиялар институты» ЖШС өкілдері, сондай-ақ Сәтбаев университетінің басшылығы, ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Кездесу барысында тараптар ғылыми-білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, жоғары білікті кадрлар даярлау, реакторлық инженерия, радиациялық қауіпсіздік, қоршаған ортаның радиоактивтілігін мониторингтеу бағытындағы құзыреттерді дамыту, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мен халықаралық білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілді.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Сәтбаев университеті мен «Жоғары технологиялар институты» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Бұл құжат ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын бірлесіп іске асыруға, жоғары білікті мамандар даярлауға, сондай-ақ Қазақстанның атом және тау-кен металлургиясы салаларына арналған қолданбалы технологияларды дамытуға берік негіз қалайды.
Басқосу барысында JAEA бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ITC (Instructor Training Course) халықаралық нұсқаушылар даярлау бағдарламасына ерекше назар аударылды. Бағдарлама Азия елдерінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған. Оның аясында қатысушылар Жапонияда арнайы даярлықтан өтіп, әлемдік тәжірибеге негізделген теориялық білім мен практикалық машықтарды меңгереді. Кейін олар өз елдерінде жаңа буын мамандарын даярлауға үлес қосады.
Бұл бағыттағы тағы бір қуанышты жаңалық – 2026 жылы Қазақстаннан аталған ITC бағдарламасына қатысу үшін Сәтбаев университетінің аға оқытушысы Махаббат Құнарбекова іріктелді. Бағдарламаны сәтті аяқтағаннан кейін ол радиациялық қауіпсіздік саласы бойынша халықаралық нұсқаушы сертификатына ие болып, осы бағытта білім беру курстарын өткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жетістік университеттің ғылыми-білім беру әлеуетін арттырып қана қоймай, қазақстандық жас мамандар мен зерттеушілердің халықаралық деңгейде кәсіби дамуына жаңа мүмкіндік ашады. Осындай бастамалар білім мен ғылымға ұмтылған жастарға үздіксіз ізденіс пен халықаралық тәжірибенің жаңа белестерге жетелейтінін айқын көрсетеді.
Ресми кездесуден кейін шетелдік делегация үшін университет кампусы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды. Қонақтар Тау-кен металлургия кешенінің Инжиниринг орталығы мен Инженерлік бейіндегі зертхананы аралап, университеттің заманауи ғылыми инфрақұрылымымен, жүргізіліп жатқан зерттеулерімен және болашағы зор инновациялық әзірлемелерімен танысты.
Бұл кездесу Сәтбаев университеті, Жапонияның атом энергиясы жөніндегі агенттігі (JAEA) және Қазақстанның атом саласындағы жетекші ұйымдары арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтерген маңызды оқиға болды. Мұндай халықаралық ынтымақтастық ғылым мен білімнің шекарасын кеңейтіп қана қоймай, жаңа ғылыми жаңалықтардың, технологиялық шешімдердің және әлемдік деңгейдегі мамандардың қалыптасуына жол ашады. Бұл білімге құштар жастар мен ізденуші ғалымдар үшін үлкен мүмкіндіктерге бастайтын, халықаралық тәжірибе мен кәсіби өсудің жарқын үлгісі.


