Сәрсенбі, 22 июля, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпБақыт Сәрсекбаев: Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болады

Бақыт Сәрсекбаев: Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болады

фото.sports.kz

Бейжің олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы, Бокстан ҚР Жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев жақында кезекті жарыстан оралды. Индонезияның астанасы Джакартада жастар арасындағы U19 Азия чемпионатында команда қандай жетістік көрсетті? Ал бапкердің өзінің неге көңілі толмайды? Осы сұрақ төңірегінде QazNews.kz сайтының тілшісі сұбаттасып көрді.

— Бақыт мырза, жақында ғана Индонезия елінде өткен Азия чемпионатынан оралдыңыз. Қалай өтті, жалпы қорытындысы көңіліңізден шықты ма?
— Жоқ, көңілімнен шыққан жоқ.
—  Неге? Мысалы, Жастар құрамасының былтырғы нәтижесімен салыстыратын болсақ, биылғы нәтиже екі есе жоғары деп айтсақ болады. Дегенмен, қанжығаңызда 2 алтын 4 күміс, 2 қола бар ғой.
— Көңілім толмайды. Біз үшін бұл өте аз. Бізде одан да көп алуға қауқарымыз жетеді. Бап шапқанымен бақ шаппаса қиын екен.
—  Иә, бәріміз көріп, күйіп пістік, кейбір балалардың жеңісін көзімізді бақырайтып қойып ұрлады. Сонда жанкүйерлердің көп қоятын сұрағы мынау: неге наразылық танытпайды, Әуесқой бокс федерациясы қайда қарап отыр? Ал Головкин қайда?
— Аппеляция, шағым түсіруге тиым салынған. Ал өз басым біздің федерацияның бір де бір өкілін және Головкинды да ол жерде көрген жоқпын.
—  Қалай сонда? Жарты әлем жиналған, ең жауапты саналатын байрақты бәсекеге бір де бір федерация өкілі және World Boxing ұйымының басшысы бармағаны ма? Неге?
— Барған жоқ. Неге екенін өздерінен сұрарсыздар болады.
-Қызық екен. Қазақстаннан барған 40 боксшыны қолдаусыз қалдырып, байрақты бәсекеге өкілсіз жіберетіндей, ол кісілердің басқа қандай маңызды шаруасы болуы мүмкін?
— Ол жағын білмедім.
— Жарайды.  Ендеше бұл сұрақты ақпарат құралдары арқылы өздеріне жолдайық.
Жалпы сіздің дисциплинаға қатал, және өзіңізге сыншыл екеніңізді білеміз. Балаларды темірдей әскери тәртіпте ұстайды деген қаншалықты рас?
— Дисциплина бьет класс, деген менің өмірлік принципім. Тәртіп болмаған жерде, нәтижеге қол жеткізу қиын. Мысалға, футболды алайық, кешегі Испания командасын. Бір командада 20 шақты миллионер жүр. Солардың бәрі қарапайым бапкерге, төрешіге 100% бағынады. Бізде кейде сәл жетістікке қол жеткізсе, кісі бола бастайды, содан нәтиже де жоғалады. «Әр боксшым менің жалғызым» деймін. Олардың әрқайсысын бетінен оқып тұрамын, олар үшін қолымнан келгенші тер төгемін, бірақ босаңсуға жол жоқ.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр