Жетісу облысында аңшылық кезінде оқыс оқиға болып, әскери қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Қазіргі уақытта жәбірленуші ауруханада жатыр, ал оқ атқан күдікті қамауға алынды, деп жазады QazNews.kz
Жетісу облыстық Полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомствоның хабарлауынша, оқиға демалыс күні, жұмыс уақытынан тыс кезде болған. Бейресми деректер бойынша, жәбірленуші мен оқ атқан адам туыстық қатынаста болуы мүмкін.
Полиция бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бабы негізінде іс қозғады.
«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқиға аңшылық кезінде болған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп мәлімдеді өңірлік полиция өкілдері.
Оқиғаға қатысушылардың ішінде тек бір адамның ғана әскери қызметкер екені нақтыланды.


