Түркістан облысы Сайрам ауданында 20 жастағы жігітті 25-30 адамнан құралған топ аяусыз соққыға жыққан, деп жазады QazNews.kz
Туыстарының айтуынша, күдіктілер оны есінен танып жатқан кезде де басынан тепкілеген. Кейін жігітті адам жоқ жерге тастап кеткен. Жақындары оны екі сағаттан кейін ғана тапқан.
Жәбірленушінің жақындарының айтуынша, кикілжің күндіз көкпар кезінде басталған. Кешке жігітті мектеп маңына «сөйлесуге» шақырған, алайда ол жерге барғанда оны бір топ адам күтіп тұрған. Бір аптадай жансақтау бөлімінде жатқан жәбірленуші қазір палатаға ауыстырылған. Десе де әлі толық сөйлей алмайды және тергеуге нақты жауап беруге қауқарсыз. Оның екі досы да жарақат алған.
Ата-анасының сөзінше, шабуыл жасағандардың қолында пышақ, тапанша және кастет болған. Олар ұлының қауіпсіздігіне алаңдап отыр.
Түркістан облысы Полиция департаменті мәліметінше, топтық төбелес дерегі бойынша екі күдікті ұсталған. Кейін олар үйқамаққа жіберілген. Тергеу жалғасып жатыр.


