2026 жыл Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі үшін бетбұрыс кезең болмақ. Медицина саласында енгізілген бірқатар өзгерістерді жас ата-аналар да, созылмалы ауруы бар азаматтар да, медицина қызметкерлері де сезінеді, деп жазады QazNews.kz
Бұл жаңашылдықтардың мәнін Qazaq Expert Club-тың денсаулық сақтау саласындағы сарапшысы Гүлнафис Жүсіпәлиева қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, өзгерістер медициналық көмекті алу тәртібінен бастап, цифрландыруға және медицина қызметкерлерін қолдауға дейінгі барлық бағытты қамтиды.
Тегін медициналық қызметтер қысқарды ма?
Сарапшының сөзінше, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қысқарған жоқ. Бұрынғыдай толық көлемде сақталады:
- жедел медициналық көмек;
- учаскелік дәрігердің қабылдауы;
- профилактикалық тексерулер;
- скринингтер;
- жүкті әйелдер мен балаларды бақылау;
- шұғыл көмек қажет болғандағы базалық диагностика.
Жаңа енгізілген маңызды норма – әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туған кезде тегін диагностика жасау. Бұған онкологиялық аурулар, туберкулез, АИТВ, вирусты гепатиттер, инсульт пен инфаркт жатады. Мұндай тексерулер барлық азаматтарға, МӘМС мәртебесіне қарамастан қолжетімді болады. Бұл ауруларды ерте анықтауға және дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.
Ал тар бейінді дәрігерлердің жоспарлы қабылдауы, жоғары технологиялық диагностика мен оңалту қызметтері енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетіледі.
Негізгі медициналық көмектің басым бөлігі емханаларда шоғырланатын болады. Мұнда науқастар тексеруден өтіп, ем қабылдап, созылмалы дерттері бойынша тұрақты бақылауда болады.
Медицина қызметкерлеріне қандай қолдау бар?
2026 жылы медицина кадрларын қолдау кешенді түрде күшейтіледі. Әсіресе жүктемесі жоғары және кадр тапшылығы бар салаларда – жедел жәрдем қызметі мен инфекциялық бөлімшелерде – жалақы 10–15 пайызға өсірілді. Бұл тарифтердің қайта қаралуы мен мақсатты үстемақылардың енгізілуі арқылы іске асты. Соның нәтижесінде еңбекақы қоры ұлғайып, кадр тапшылығы азаяды деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтетін жаңа заң қабылданды. Енді дәрігерлерге қызмет барысында қорқыту, балағаттау немесе күш қолдану фактілері үшін жауапкершілік қатаңдатылады.
Өңірлік қолдау шаралары да бар. Мысалы, Жетісу облысында жас дәрігерлерге көтермеақы беріледі:
- ауылдық жерге барғандарға – 10 млн теңге;
- қалалық медициналық ұйымдарға орналасқандарға – 5 млн теңге.
Цифрлық сервистер не береді?
Денсаулық сақтау саласының цифрландырылуы дәрігерлердің әкімшілік жүктемесін азайтып, пациенттерге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Енді азаматтар мобильді қосымшалар мен eGov порталы арқылы:
дәрігерге жазыла алады,
МӘМС мәртебесін тексере алады,
жолдамалар ала алады,
талдау нәтижелерін көре алады,
емханаға бармай-ақ медициналық анықтамалар рәсімдей алады.
Электронды медициналық карталар қағаз құжаттарды алмастырып жатыр, ал телемедицина созылмалы ауруы бар науқастарды қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Бұл кезектерді азайтып, дәрігер мен пациенттің уақытын үнемдейді.
Азаматтар қазірден нені істеуі керек?
Жоспарлы медициналық көмекті алу үшін азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы керек. Бұл тек жұмыс істеп, жарна төлейтіндерге ғана қатысты емес.
Автоматты түрде сақтандырылғандар қатарына мыналар жатады:
- мемлекет жарна төлейтін 15 жеңілдігі бар санаттағы азаматтар;
- әлеуметтік жағдайы төмен (D және E санаттары) жұмыссыздар – олардың жарнасын жергілікті бюджет өтейді.
Егер сақтандырылған мәртебе болмаса, жоспарлы тексерулерге, тар бейінді дәрігерлерге және созылмалы ауруларды емдеуге қолжетімділік шектелуі мүмкін. Сондықтан әр азамат өз мәртебесін алдын ала тексеріп, қажет болса МӘМС жүйесіне тіркелгені жөн.
