Жұма, 13 марта, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚұрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты әскери тағылымдамадан өтті

Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты әскери тағылымдамадан өтті

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының бітіруші курсанттары Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде өткен тағылымдамаларын табысты аяқтады. 200-ге жуық болашақ офицер еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі гарнизондарда болып, практикалық дайындықтан өтті, деп жазады QazNews.kz

фото: gov.kz

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонында курсанттар 5-ші механикаландырылған бригада мен жөндеу-қалпына келтіру әскери бөлімінің базасында тәжірибе жинақтады. Тағылымдама барысында олар тәжірибелі офицерлердің жетекшілігімен бөлімшелердегі қызметті ұйымдастыру тәртібімен, жауынгерлік дайындықтың ерекшеліктерімен, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету бөлімдерінің жұмысымен танысты.

фото: gov.kz

Тағылымдама кезінде болашақ офицерлерді әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін атқаратын негізгі лауазым – взвод командирі қызметіне дайындауға басымдық берілді. Курсанттар сабақтарды жоспарлауға қатысып, жеке құрамды басқару, бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыру сияқты маңызды мәселелерді тәжірибе жүзінде меңгерді.

Техникалық қамтамасыз ету факультетінің курсанты Мадияр Молдахметтің айтуынша, тағылымдама әскери қызметтің қыр-сырын тереңірек түсінуге үлкен мүмкіндік берген.

– Бұл тағылымдама мен үшін өте пайдалы болды. Взвод командирі болудың үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Мұнда тек теория емес, күнделікті тәжірибені де көрдік. Бөлімшедегі қызметтің қалай ұйымдастырылатынын, жеке құраммен жұмыс қалай жүргізілетінін және жас офицердің міндеттері қандай болатынын көзбен көрдік, – деді курсант.

Жақын айларда институт түлектері алғашқы офицерлік әскери атақтарын алып, Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын толықтырады. Тағылымдама кезінде жинақталған тәжірибе олардың болашақ әскери қызметіне мықты негіз болмақ.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр